Асу бермес асқар жоқ
Мектеп- келешекте ел басқарар, жер басқарар, елі мен халқының мерейін асырып, мәртебесін биіктетін адал, шыншыл, ұлтжанды жандарды тәрбиелейтін киелі де, қасиетті алтын ұя. «Елтай орта мектебі» атты алтын ұямыздан талай шәкірттер білім нәрімен сусындап, қанаттарын кең жайып, еліміздің түкпір-түкпірінде адал қызмет атқаруда. Еліміздің болашағы жарқын болу үшін жастарымыз түрлі мамандық , кәсіптерін адал атқаруда.
Осы түлектеріміздің, аға буынның жолын жалғастырып, мектебіміздің рухани дамуына өз үлестерін қосып, биік белестерді бағындырып келе жатқан оқушыларымыз да бар. Осы оқушыларымыз аудандық, облыстық деңгейде өз білімдерімен оза шауып, жақсы нәтижелерді көрсетіп келеді. Атап айтатын болсақ, 9-сынып оқушысы Бауыржан Сұңқар аудандық Абай оқуларына қатысып, бас жүлдені иеленіп, облыста 3 орынға ие болды. Облыстық жыр оқу сайысынан 3 орынға ие болып, мақтау қағазымен марапатталды. Сұңқар бұл сайыстардан басқа күй тарту, пәндік олимпиадаларға қатысып тұғырдан көрініп жүрген оқушымыз. Осыған қоса, 9-сынып оқушысы Құдайбергенова Медея, 10-сынып оқушысы Кадир Нұртуғанды атап өткенді жөн көрдім. Медея «Жыр оқу» сайысынан аудандық бас жүлдені иеленді. Медея - ауданда, облыста болып тұратын ән сайыстарының жеңімпазы. Нұртуған аудандық Мұқағали оқуларының жеңімпазы, М.Мақатаевтің туғанына 88 жыл толуына орай «Болашағым, сен тұрсаң мен өлмеспін» атты 1 Республикалық онлайн байқауының 2 орын жеңімпазы атанды. Аты аталған оқушыларымыз көркем өнерпаздар байқауына да қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Олар-жауапкершілікті жете сезінетін ерекше еңбекқор шәкірттер. «Бұлақ көрсең, көзін аш»,-демекші осындай шәкіттерді тәрбиелеп, шәкіртінің жанына нұр құйып, бірлесіп жұмыла жұмыс атқаратын ұйымшыл ұжымның арқасы деп ойлаймын. Осы орайда, шәкірттеріме қанаттарың талмай, білім бәйгесінде, дүбірлі жарыстарда жоғары тұғырдан көріне беріңдер дегім келеді.
Елтай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі Таутиева Айнагүл Хайрулловна